26.07.2022 _ 10:30

Өңірлер бойынша тауар қоры, өндіру және тұтыну көлемі туралы бірыңғай ақпарат көзі пайда болды

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жыл соңына дейін Үкімет отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерін ірі сауда желілеріне өткізуде қолдауға бағытталған заңнамалық бастамаларды ұсынбақ. Сөрелерге қолжетімділікті қамтамасыз ету, үстемеақылар шегін реттеу және делдалдар санын азайту жөніндегі шаралар қабылданады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.

«Qdata» сауда бойынша аналитикалық платформасы ішкі сауданың жай-күйін, инфрақұрылым жүктемесін, импорт/экспорт динамикасын, тауарлар мен қызметтер бағасының өзгеруіне талдау және мониторинг жасап, мемлекеттік органдарды сапалы аналитикамен қамтамасыз етіп отырады. Сондай-ақ, бизнес үшін әділ бәсекелестікті қалыптастырады. Ал тұтынушыға қолжетімді бағамен сапалы тауарларды сатып алуына мүмкіндік туады. Бүгінгі күні осы платформаның арқасында Үкіметте өңірлер бойынша тауар қоры, өндіру және тұтыну көлемі туралы бірыңғай ақпарат көзі пайда болды. Аптасына екі рет ЖАО осы жүйе арқылы тексеріліп, мәселелер шешілуде», - деді сауда министрі. 


Жалпы, жоспарланған шараларды жүзеге асыру азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бағаны тұрақтандырып, түптеп келгенде азаматтардың әл-ауқатына оң әсер етеді.