27.07.2022 _ 13:40

Соңғы аптада сырқаттанушылық 1,9 есеге өсті

Әлемде сырқаттанудың өсуімен қатар Қазақстанда да 20 маусымнан бастап коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың өсуі байқалады. Соңғы аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда сырқаттану 1,9 есеге өсті. Тәулігіне коронавирустың расталған саны 2700 жағдайы, ал коронавирустың расталмаған саны 20 жағдайы тіркеледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ағымдағы эпидемиологиялық жағдай бойынша өткен брифингте ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.

Наурыз айынан бастап өлім-жітімнің бірлі-жарым жағдайы тіркелуде, шілде айында КВИ-мен ауырған 3 науқас қайтыс болды.


«Соңғы аптада ауырған адамдардың 70%-ы 3 аймақта тіркеліп отыр, олар Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында және Қарағанды облысында. Сырқаттанушылықтың өсуіне қарамастан, науқастарды ауруханаға жатқызу деңгейі төмен. Бүгінгі күні КВИ бойынша стационарлық көмек 180 инфекциялық ауруханада көрсетіледі, қуаты 4500 төсек-орын болатын резервте 20 мың төсек-орын бар. Бүгінде 1342 пациент емдеуге жатқызылды, төсек-орынның қамтылуы 30%-ды құрайды. Стационарлық емделіп жатқан пациенттерге талдау жүргізілді. КВИ-мен ауырып стационарлық емделіп жатқан пациенттердің ішінде 18 жасқа дейінгі балалар 36,3%-ды құрайды. Ересек пациенттер 63,7%-ды құрайды», - деді спикер.