27.07.2022 _ 16:42

Бейжіңде Қазақстан мен Қытай арасында экология саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комиссиясында қытайлық тараптың тең төрағасы болып табылатын ҚХР Экология және қоршаған орта министрінің орынбасары Чжао Инминьмен кездесті.

Кездесу барысында екі елдің экология және табиғатты пайдалану саласындағы өзара ықпалдасуын одан әрі жандандыру және нығайту мәселелері талқыланды.

Ш.Нұрышев сұхбаттасушыны Қазақстанның халықаралық экологиялық бастамасы - «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасымен және 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша ҚР Үкіметі қабылдап жатқан шаралармен таныстырды.

Сонымен бірге, қазақстандық дипломат Чжао Инминьнің назарын табиғатты қорғау саласындағы өзара іс-қимылда маңызды рөл атқаратын Қазақстан-Қытай ынтымақтастық жөніндегі комитетінің Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комиссиясының 9-шы отырысын тездетіп өткізу қажеттігіне аударды. Қазақстан Елшісі сондай-ақ трансшекаралық өзендердің ластануын болдырмау және жалпы екі мемлекеттің шекара маңындағы аудандарындағы экология мәселесінде тараптардың тығыз өзара ықпалдасуының маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде, Чжао Инминь Елшіні ҚХР Үкіметінің экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы саясатымен, сондай-ақ Қытайдың 2030 ж. қарай көміртегі шығарындылары және 2060 ж. дейін парниктік газдардың нөлдік шығарындыларына қол жеткізу жөніндегі жоспарларымен таныстырды.

Ол ҚР мен ҚХР арасындағы мәңгі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту мақсатында климаттың өзгеруі және биоәртүрлілікті сақтаумен мамандандырылған көпжақты алаңдарда қытайлық тараптың Қазақстанмен өзара іс-қимылды жандандыруға дайындығын білдірді.

Сонымен қатар, тараптар мүмкін болатын ластануды жою және су бассейндерінің табиғи экожүйелерін қорғау үшін Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комиссиялары және оның жұмыс топтарының (төтенше жағдайларға жедел ден қою және трансшекаралық өзендердің ластануының алдын алу, сондай-ақ трансшекаралық өзендер суларының сапасын мониторингілеу, талдау және бағалау жөніндегі) өткен отырыстары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді іске асырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Кездесудің соңында сұхбаттастар Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі мен ҚХР Экология және қоршаған орта министрлігі арасында, оның ішінде ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия - Қытай» онлайн-саммитінің қорытындысы бойынша мемлекет басшыларының уағдаластықтарын іске асыру мақсатында қабылданған 2022-2025 жж. арналған өңірлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасы шеңберінде қоршаған ортаны қорғау саласында бірлескен іс-шараларды өткізу мәселесі бойынша тығыз байланыстарды сақтауға келісті.