31.07.2022 _ 21:00

Түркістан облысында ТМД елдерінде баламасы жоқ бу-газ қондырғысының іргетасы қаланды

Түркістан облысы, Төлеби ауданында 1000 МВт бу-газ қондырғысының естелік капсуласы салынды. Маңызды жобаның таныстырылымына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев және тұрғындар қатысты.

— Бұл жоба еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін және ұлттық энергетикалық жүйенің, әсіресе, энергия тапшылығы бар оңтүстік өңірінің сенімділігін арттырады. Икемді генерациялау режимі бар аралас циклді зауыттың құрылысы Қазақстан Республикасының энергетика жүйесіне жаңартылатын энергия көздерін біріктіру үшін қолайлы жағдай жасайды, — деді «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы.

Облыс әкімі энергия тапшылығын шешу бағытындағы бұл жобаның аса маңызды екенін жеткізді.

– Бүгін мегажобаның іргетасы қаланғалы тұр. Өңірге өте ауқымды инвестиция тартылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында Оңтүстік аймақта 1000 МВт энергия өндіретін жаңа қуат көздерін іске қосу қажеттігін айтқан болатын. Міне, бүгін Президентіміздің тапсырмасын орындау мақсатында өңірімізде маңызды жобаны жүзеге асыру үшін қуаты 1000 МВт болатын бу-газ қондырғысының іргетасын қалағалы тұрмыз. Өздеріңізге белгілі, жыл сайын елімізде электр дефициті байқалып келеді. Түркістан өңірінде энергия тапшылығы — өте өзекті мәселе. Олысқа қажетті электр қуатының 80%-ы сыртқы көздерден тасымалданады. Аталған мәселені түбегейлі шешу мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп, маңызды бу-газ станциясын (ПГУ) салатын боламыз. Бұл жоба бойынша облысқа болжаммен 722,8 млрд. теңге жеке инвестиция тартылады. Енді осы жоба іске қосылған соң өңірде кәсіпорындар көбейеді, кәсіпкерлік дами түседі. Баршаңызды қуанышты сәтпен құттықтаймын. Жаңа электр орталығы өңірде энергия тапшылығын жойып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті дамытуға оң серпін береді, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Жоба жүзеге асқанда тек Түркістан өңірінде ғана емес, жалпы Қазақстан Республикасында электр энергиясының сапасын арттырып, энергетикалық жүйенің теңгерімділігі мен сенімділігін қамтамасыз ететін болады. Қазір облысқа қажетті электр қуаты 320 МВт болса, аталған жоба арқылы қажеттіліктен үш есе артық электр өндірілмек. Осы арқылы өңір энергия тапшылығынан құтылып қана қоймай, өзге аймақтарды да қамтамасыз етпек. Облыста энегрия тапшылығы жойылған соң ірі кәсіпорындар мен өндіріс те дамиды деген жоспар бар. Жоба 2024-2026 жылдары жүзеге асырылады. Мамандар бұл жобаны ТМД аумағында баламасы жоқ жобалардың бірі деп бағалап отыр. Құрылыс кезінде 2000-нан астам адам жұмыспен қамтылса, қондырғы іске қосылған соң 200-ден астам тұрақты жұмыс орындары ашылады.

Маневрлік генерациялау режимімен қуаты 1000 МВт болатын бу-газды қондырғы құрылысын «ПГУ Түркістан» ЖШС компаниясы жүргізеді. Қазіргі уақытта газ құбырының магистральдық желілеріне қосуға қажетті техникалық шарттары мен «KEGOC» АҚ электр желілеріне қосуға қуат беру схемасы негізге алынып, алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді.