01.08.2022 _ 13:54

Бас Прокуратура: Қаңтардағы оқиғалар бойынша сотқа барлығы 474 қылмыстық іс жолданды

Жалпы қаңтар оқиғаларының нәтижелерінде елімізде 5 мыңнан астам сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тіркелді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Бас Прокуратурасы Арнайы прокурорлар қызметі бастығының орынбасары Нұрлыбек Сәбитов мәлімдеді.

Қиратулар, мемлекеттік объектілерді өртеу, мүліктерді жою және терроризм актілері Алматы, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында жасалғаны белгілі.

«Сол қайғылы күндері қылмыскерлер әскерилерге шабуыл жасап, жолдың жүру бөлігін жауып, автокөліктерді өртеп, азаматтарды тәртіпсіздіктерге қатысуға көндірген және тонаулар жасаған. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді бұғаттау үшін олар полиция органдарының ғимараттарына шабуылдар жасады. Жаппай тәртіпсіздіктерге ұйымдасқан қылмыстық топтар, деструктивті діни ағымдардың мүшелері және бұрын сотты болған адамдардың қатысқаны арнайы прокурорлармен анықталды.

Бүгінгі күні барлық қылмыстық істер бойынша 286 күдікті қамауда. Олардың қиратуларға, ғимараттарды өртеуге, қаруларды жымқыруға, мемлекеттік объектілерге және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасауға белсенді түрде қатысқандығы анықталды. Әрбір қамауға алынған адам бойынша олардың қылмыстарға қатыстылығы туралы жеткілікті мәліметтер бар», - деді спикер.

БП өкілінің айтуынша, олардың барлығына қорғалу құқығы, санитарлық нормалар, тамақтану, дәрі-дәрмек және ұстаудың тиісті жағдайлары қамтамасыз етілуде. Егер адамдар анықталса, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін немесе процестік келісім жасалғаннан кейін істер бірден сотқа жолдануда. Қаңтардағы оқиғалар бойынша сотқа барлығы 474 қылмыстық іс жолданды, олар бойынша 717 адам сотталды.