01.08.2022 _ 14:29

Қаңтар оқиғасы: Тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар елдегі қалыпты қоғамдық-саяси жағдайдың шиеленісіп, тұрақсыздануын қалаған

Қайғылы оқиғалар барысында көп азамат зардап шекті, олардың бірқатары жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен арандатушылардың ықпалына еріп, қылмыс жасауға барған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаев мәлім етті.
Қаңтар оқиғасы: Тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар елдегі қалыпты қоғамдық-саяси жағдайдың шиеленісіп, тұрақсыздануын қалаған

«Нәтижесінде, мемлекеттік органдардың 71 ғимараты, 700-ден астам автокөлік жойылып зақымдалған, оның ішінде жедел жәрдем, полиция және өртке қарсы қызметтердің көліктері де бар. 1,5 мыңнан астам бизнес нысаны зардап шекті, оларға аса ірі мөлшерде шығын келтірілген, ең өкініштісі - азаматтар мен күш құрылымдарының қызметкерлері қаза тапты. Осы салдардың барлығы террорлық шабуылдар мен жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларға айып ретінде тағылуы тиіс деп ойлаймыз, себебі олар дәл осындай зардаптың болуын алдын ала болжап білген, әрі қалаған, сондай-ақ елдегі қалыпты қоғамдық-саяси жағдайдың шиеленісіп, тұрақсыздануын қалаған», - деді ведомство өкілі.

Тергеу департаменті бастығының орынбасары қазақстандықтарды арандатушылыққа көнбеуге және шындыққа сай келмейтін жалған ақпаратты таратудан аулақ болуға, тек ресми дереккөздерге сенуге және тергеу нәтижелерін күтуге тағы да шақырды. Ішкі істер министрлігі еліміздегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау бойынша тиісті жұмыстарды атқаруда.