03.08.2022 _ 11:48

Жыл соңына дейін қосымша 240 МВт электр қуатын енгізу жоспарланған

Мемлекет басшысының электр энергиясы қуаттарын іске қосу және Біртұтас электр энергетикасы жүйесінің Оңтүстік және Батыс аймақтарындағы электр желілерін күшейту жөніндегі жобаларды уақытылы іске асыруды қамтамасыз ету тапсырмасы аясында бүгінгі таңда 340 МВт электр қуаты іске қосылды. Жыл соңына дейін қосымша 240 МВт электр қуатын енгізу жоспарлануда. Бұл туралы ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Сонымен қатар ұлттық электр желісін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде, Батыс энергия аймағының электр желілерін күшейту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары. Аяқталу мерзімі – 2023 жыл; Оңтүстік энергия аймағының электр желілерін күшейту бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Техникалық экономикалық негіздеме әзірленгеннен кейін жобаны іске асырудың параметрлері мен мерзімдері айқындалатын болады», - деді министр.

Мемлекет басшысы қойған барлық міндеттер ведомствоның тұрақты бақылауында және белгіленген мерзімде іске асырылатын болады.