04.08.2022 _ 10:53

Халық сүйіктісі: Роза Бағланова өз әндерін әлемнің 25 тілінде орындаған

Ән әлемінің жарық жұлдызы, сопрано үнді ән падишасы, қазақ эстрадасының алғашқы қарлығаштарының бірі, қазақ елін дүние жүзіне таныстырып, паш еткен, аңыз-адам, ұлт мақтанышы Роза Тәжібайқызы Бағланованың туғанына биыл 100 жыл толып отыр.

Розаның азан шақырып қой­ған аты – Үрбибі (бұл есімді не­ме­­ресіне сыйлаған екен). Роза­ның әжесі де, шешесі де әнші бол­­ған.

Ғұмырының 70 жылдан астам уақытын киелі сахнаға, қасиетті ән өнеріне арнаған қазақ қызы Кеңес Одағы халықтарының ті­лін­де, сонымен бірге чех, швед, вен­гр, қытай, моңғол, корей, үнді... 25 тілде ән шырқаған, әлем­нің 54 елінде болып, бірнеше мем­ле­кеттің «Ха­лық әртісі» ата­ғы­на ие болған. Ше­телдіктер Роза­ны қызғалдаққа те­ңеген.

Роза Тәжібайқызының орын­дауын­дағы «Домбыра», «Сәулем-ай», «Кел, біздің ауылға», «Әлі есім­де», «Ақмаңдайлым», «Ақ­сұң­­қарым», «Ақтамақ», «Асыл арман», «Аялап тербеткен», «Әдемі-ау», «Іңкәрім», «Ах, Самара городок», «Танцуй, танцуй», т.б. әндерін халық сүйіп тың­дайды.

Роза Тәжібайқызы Екінші дүние­жүзілік соғыс жылдарында, май­данның алғы шебінде, оқ пен оттың ортасында тұрып ән салып, жауынгерлердің рухын көте­ріп, жеңіске жігерлендірген. Берлинде, Жеңіс күніне арналған концертке қатысқан. Ташкент филармониясында мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші болған. 1946 жылы өткен эстрада әншілерінің Бүкілодақтық байқауының дипломанты, 1949 жылы Бухаресте өткен екінші ха­­лықаралық фестивальдың лау­­реаты атанды. 1960 жылдан «Қа­зақ­­концертте» әншілік қыз­мет атқарған.

Ақын Бәкір Тәжібайдың Роза Тәжібайқызының өнері туралы жазған кітабы «Қазақстан» баспасынан 1969 жылы шықты.

Ал өмірбаяндық кітабын Роза Тәжібайқызы өзі жазған. Роза Тәжібайқызы жайлы кі­тап­тар, поэмалар жазылды, фильм­дер түсірілді. Есімі «Кім­нің кім екені» (Кто есть кто) ағыл­шын-аме­рикалық энцик­ло­пе­­диясының «Әлем әйелдері» жай­лы алғашқы саны­на енді.

Соғыс жылдарында ән өнерін­дегі жанқиярлық еңбегі үшін «Жа­­уын­герлік ерлігі үшін», «Гер­­­­ма­нияны жеңгені үшін» ме­даль­­­дарымен, кейін «Еңбек Қы­зыл ту», «Халықтар достығы», «Ша­пағат медалімен» марапат­тал­ған, «Тарлан» сыйлығының иегері.

Роза Тәжібайқызы Кеңес Ода­ғы кезінде «Ленин орденімен», еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін «Халық қаһарманы» атағы­мен бірге «Алтын Жұлдыз» тақты кеудесіне. Ол «Халық қаһар­маны» атағына ие болған Қазақ­стан­дағы жалғыз әнші. 1989 жылы «Первая роза», 2006 жылы «Ах, Самара городок» атты де­рек­ті фильм­дер түсірілді. «Роза Бағла­нова» атындағы қоғамдық қор бар.

1996 жылы «Алтын сақа» қа­йы­рымдылық қорын ашты, же­тім балаларға, мүгедектерге қайы­рымдылық көмек көрсетті. Роза Бағланова атындағы «Қазақ­кон­церт» мемлекеттік өнер ұйы­мы бар.

Қазақ ұлтының мақтанышы, ұлт­тық өнеріміздің асыл тәжі, ұр­пақ мерейі, ата-бабамыздың қасиетті мұрасын қастерлеп, дә­ріп­теп, дүние жүзіне паш етіп, насихаттап, ұрпағына аманат етіп тапсырған Роза Тәжібайқызын біздің өнерлі Ақтоғай елі де еске алып, халықты Роза айтқан ән­дер­мен сусындатып, ән кешін ұйым­дас­тырса, нұр үстіне нұр болар еді.

Бір суреттің тарихы

Менің 1929 жылғы үлкен ағам Қайриден Хамзаұлы 1950-1953 жылдары Қиыр Шығыста жал­пыға бірдей әскери міндетін өтеп келген екен. Кейін есті­ге­нім – әскери бөлімде Роза Бағ­ла­нованың концерті болыпты. Концерт аяқталғаннан кейін әнші өзінің кішкене суретін естелік ретінде солдаттарға таратса керек. Сол суретті ағам өзімен бір­ге үйге ала келіпті. Кішкене ғана 9,7х7,2 см суреттің сол жақ ше­тін­де: «Дипломат Всесоюзного конкурса мастеров эстрады Роза Багланова» деп жазылыпты. Бұл атақты алған жыл – әншінің өмір­де­регіне жүгінсек – 1946 жыл, Ташкент филармониясында әнші болған кезең. Ал оң жақ шетінде – фото Искандера депті. Суреттің сыртында «Тираж 9 тыс. Цена 76 коп. Алма-Ата, 1948 год» деген төрт бұрышты мөр басылған.

Міне, бұл суреттің түсіріл­ге­ніне биыл 74 жыл. Ал мен болсам 73 мүшел жаста жүрмін. Ағам өмірден ерте озған еді. Маған сыйлап кеткен естелігі ғой деп, әлі күнге дейін сақтап келемін.

Сол кездегі қағаздың сапасына таңғаламын. Шетіне желім жағып, сурет дәптерге бекітілген жері ғана біраз сарғайыпты, ал сурет жарқырап тұр. Бұл сурет – «Халық перзенті Роза Бағланова» кітап-альбомында жарық көрген екен.

Балалық шақтың естелігі

Соғыстан кейінгі кезеңде «теледидар» деген сөзді естімедік те. Ал радио бір ауылда біреу – біздің үйде ғана болды. Әкем Қашырдың базарына барып жүріп қолға түсіріпті, бір малға айырбастап алса керек, үлкен, шамамен 60х30см болар, беті сары жылтыр материалмен қапталған болатын. Әкем оны жоғары, бұрышқа, тақтай сөреге орнатып берді. Содан жақсы болды, ауылдың бүкіл баласы қызық­тап, таңертеңнен кешке дейін радио тыңдаймыз. Біз ес білгенде тыңдайтынымыз үш әнші ғана болды  – Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова және Роза Бағланова ән айтатын.

Менен үш жас кіші інім Жасұлан, үйдің кенжесі, «Жаңа Аттаныс» ауылының еркесі, өте қияңқы болды. Радиодан шырқап жатқан Розаның әні ұнаса керек, менен сұрайды: «Кім ән айтып жатыр?» деп. Мен: «Роза Бағланова», деймін. «Мен онда оны көруім керек!» дейді. «Қалай көресің?» деймін, ол үндемейді.

Бір күні үйде кісі жоқта, ебін тауып: «Ішіндегі өлең айтып жатқандарды көрем» деп, қай­шымен радионың бетіндегі шүбе­ректі қиып алып тастапты. Содан кейін радио сөйлемей қалды, сымдары қиылып қалды ма, білмеймін. Балалар: «Розаны көрдің бе?» деп інімді мазақ­тай­тын.

Кішкене сәбидің жүрегін жау­лаған ән құдіретін, әншінің кере­ме­тін айтсаңшы!

Жақсы ән – жан азығы

Мен де Роза Бағланованың орындаған әндерін тыңдап өстім. Розаны мен «нағыз күміс көмей әнші» дер едім. Өйткені аузын ашса болды сыңғырлаған таза ән өзінен-өзі төгіліп тұратын. Әннің сөзін жазған ақынның, әнді шығарған композитордың мерейін үстем етіп, әлемге паш ете­тін қасиетті, киелі дауысты әнші ғой!

Біздің данышпан халқымыз: «Ән – көңілдің ажары» десе, ұлы Абай атамыз: «Құлақтан кіріп, бойды алар, Әсем ән мен тәт­ті күй, Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең, менше сүй!» демеп пе еді?!

Өйткені жақсы ән – жалғыз­дық­тан, әділетсіздіктен, ауру-сыр­қаудан қайғырып жапа шеккен адамның жан дүниесін тазартады, керемет бір күш-қуат беріп, рухтандырады, көңіл күйін жай­лан­дырады.

Мен осындай кездерде үнтас­паға жазып алған Роза Бағла­нованың орындаған әндерін тың­дап, бір жасап қаламын. Өйткені «Әсем ән мен тәтті күй» адамның жан жарасын жазады.

Біздің оқушы кезімізде сол кездегі аста­намыз Алматыдан М.Әуезов атындағы драма театры­­ның әртістері мен «Қазақ­кон­­церт» әншілері жиі келіп, ауыл еңбек­­керлерінің алдында өнер көрсететін.

1966 жылы Роза Бағланова Ке­ңес Одағының Батыры Серік­бай Мүткенов ауылына келіп, дәл қазіргі Мәдениет үйінде кон­церт берді. Мен сол жылы 8-сыныпта оқитын едім. Осыдан кейін де Роза Тәжібайқызы біздің ауданға бірнеше рет келіп, өнер көрсетті.

Алматыда оқығанда Роза Бағ­ла­нованың концертіне жиі баратынмын.

2002 жылы Роза Тәжібайқызы халықтың сұрауы бойынша Ертіс ауданына келіп концертін берді. Фотоаппаратымды алып мен де бардым. Сол кезде «Ертіс нұ­ры» газетінде қызмет істеген едім. Роза Тәжібайқызы ән айтып жүріп сахнадан түсіп, қол алы­сып, көрерменмен қауышты. Осы қайталанбас сәттерді қалт жібермей, халықтың өтініші бо­йынша суретке түсіріп тұрдым. Концерт аяқталғаннан кейін зиялы қауым өкілдері өтініш білдіріп, Роза Тәжібайқызымен ескерткіш-суретке түсті. Бұл сурет ақын-жазушы Мүбәрәк Жаманбалиновтің «Әйгілі аудан­ – Ер­тісім» кітабына басылып шық­ты. Бұл – әншінің біздің аймаққа келген соңғы сапары еді...

 

Бақытжамал ХАМЗАҚЫЗЫ,

ардагер ұстаз

 

Павлодар облысы,

Ақтоғай ауылы

https://egemen.kz/article/319728-alemdi-anmen-terbetken