Елші Қазақстан басшылығы жүргізіп жатқан саяси реформалар, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай, қаржы және банк жүйесінің дамуы, инвестицияларды тарту үшін қолайлы ахуал құрылғаны туралы хабарлады.
Екіжақты ынтымақтастықты дамыту туралы айта келе, А. Айдарбеков ү.ж. 16 қыркүйекте дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толатынын хабарлап, 2023 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Молдова Үкіметаралық комиссиясының 6-шы отырысын өткізу қажеттілігін атап өтті.
Сондай-ақ, қазақстандық дипломат Молдованың Еуропалық одаққа кіруге үміткер мәртебесін алуына орай Министрлер кабинетінің басшысын құттықтап, бұл процестегі Үкіметтің еңбегін атап өтті.
Өз кезегінде, Премьер-министр Молдова Үкіметінің жүргізіп жатқан жұмысы, мемлекет дамуындағы реформалар, ү.ж. қыркүйек айында Кишиневте өтетін іскерлік аптаның ірі форумдары туралы хабардар етті. ҚР Елшілігінің ашылғанын Н.Гаврилицэ жылы қабылдап, үстіміздегі жылы ТМД-ға Қазақстанның төрағалық етуін құптады және екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға мүдделілігін атап көрсетті. Бұл ретте Қазақстан тарапының ҮАК отырысын өткізу мен оған тиянақты дайындалу туралы ұсынысын қолдады.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Молдова арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейін және сауда-экономикалық, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға мүдделілігін білдірді.