09.08.2022 _ 08:46

Қызыл кітапқа енгізілген Атырау облысындағы лотос алқабы гүлдеді

Атырау облысында гүлдеген лотосты көруге келетін туристер саны көбейді. Қазір лотос алқабына күніне 50-ге жуық турист келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметіне сүйенсек, Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінде лотостың гүлдену маусымы басталды. Лотос шілденің шілденің ортасынан тамыздың соңғы аптасына дейін жалғасады.

Лотос 5 мың гектарды қамтитын алмақта гүлдейді. Оны көру үшін күніне 50-ге жуық турист келеді. Екатерина Хабибуллина – Ресей Федерациясының Мәскеу қаласынан арнайы келген туристердің бірі. Шетелдік турист лотос алқабын биыл алғаш рет көрген.

«Табиғат осындай сұлулығымен қымбат ғой. Лотос алқабы тамаша екен. Өте керемет әсер алдым. Бұл жерден тек лотосты ғана емес, аққу, аққұтан сынды құстарды да тамашалай алдық», -дейді Екатерина Хабибуллина.

Атырау облысындағы Құрманғазы ауданы – лотос өсетін жалғыз аймақ. Лотос алқабын көруге келушілерге арнайы нұсқаулық көмек көрсететін кәсіпкерлік нысандар бар.

«Қазір бірнеше туристік компаниямен келіссөз жүргізудеміз. Келісішартқа сәйкес ауданға келген туристерді қайықпен лотос алқабына апарып-әкелеміз. Туристер орналасатын арнайы базада бар. Онда жатар орны мен тамағы уақытылы беріледі. Біздің басты мақсатымыз – туристердің қауіпсіздігін, суда жүрудің техникалық талабын қатаң сақтау», – дейді «West Motors service» ЖШС-нің өкілі Жәнібек Актананов.

Құрманғазы аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлеповтың айтуынша, туристер қатары жыл сайын артып отыр. Сол себептен, Қиғаш өзенінің бойындағы лотос гүлінің алқабына қорғау мен күтіп-баптау жұмыстарын жүргізу қажет.

«Лотос алқабы табиғат жағынан қорғалатын аймақ болғандықтан, «Қызыл кітапқа» енген. Алайда, келген туристер табиғатты бағаламайды. Олардың арасында гүлді сындырып, жұлу фактілері кездесіп отыр. Соған сәйкес, арнайы құзырлы органдар тараптарынан бақылау болғанын қалаймыз», – дейді Нұрлыбек Төлепов.

Оның дерегіне сүйенсек, Қиғаш өзенінің бойында 4 жеке кәсіпкерлік нысан бар. Биылғы жылдың соңына дейін екі туристік базаның құрылысы аяқталады.

Ішкі туризмді дамыту мақсатында 7 кәсіпкерге жер телімі берілген. Кәсіпкерлер туристік нысандарды үш жыл ішінде іске қосуы тиіс.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қиғаш өзенінің сағасында биіктігі 1,5 метрлік лотос гүлдегенін хабарлаған болатынбыз.