09.08.2022 _ 12:53

ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін қолдауға арналған «Жеңіс» әлеуметтік жобасы биыл да жалғасын табады

Сұрапыл соғыста жеңіске жетіп, бізге бейбіт өмір сыйлап отырған қарияларды қолдау тек қана 9 мамырда ғана емес жыл бойы тұрақты түрде көрсетілуі керек. Осы орайда  «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «Жеңіс» әлеуметтік жобасы қолға алынды.

Бұл туралы Орталық коммункиациялар қызметі алаңында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева мәлімдеді. Спикер ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін қолдауға арналған «Жеңіс» әлеуметтік жобасы биыл да жалғасын табатынын атап өтті.  

«Жобаны осы салада маманданған кәсіби ҮЕҰ ретінде өтінім берген «Ұлттық еріктілер желісі» ҚБ жүзеге асырады. Аталған ұйымның ел ішінде қалыптасқан желісі бар. Жоба екі бағыттан тұрады. Біріншісі ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, яғни олардың жас ерекшеліктеріне қарамастан материалдық және әлеуметтік қолдау көрсету. Сондай-ақ ҰОС ардагерлері мен 1935 жылдың 31 желтоқсанына дейін дүниеге келген тыл еңбеккерлері Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінің аумағындағы бағытта пойызбен ақысыз сапар жасай алады. Ол үшін билет кассасында ҰОС ардагерлері өздерінің куәліктерін, ал тыл еңбеккерлері арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалғандығы жайлы зейнетақы құжатын ұсынуы керек», - деді спикер. 

Айта кетерлік жайт, жалпы, өткен жылы жоба аясында 200 жуық ардагер мен тыл еңбеккері теміржол көлігінде тегін жол жүру мүмкіндігін пайдаланған.