10.08.2022 _ 09:34

Қазақстанда қызмет көрсету орталығының үздік қызметкері анықталды

Қарақия ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері шілде айында Қазақстанда қызмет көрсету орталығының үздік қызметкері болып танылды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ел бойынша 223 Мемлекеттік кірістер басқармасы арасында "қызмет көрсету орталығының үздік қызметкері" атағына арналған ай сайынғы конкурс шеңберінде 2022 жылдың шілде айында конкурс өткізді.

Конкурс аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлеріне жасырын қоңырау шалу арқылы өткізіледі және бірнеше критерийлерді қамтиды: дербес деректерді ұсына отырып, салық төлеушіні корпоративтік қарсы алу; қойылған сұраққа толық және дұрыс кеңес беру; салық төлеушіден қарсылықтарға, даулы сұрақтарға барабар жауап бере білу.

Конкурс қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің қызмет көрсету нәтижесіне объективті баға алуға бағытталған және Мемлекеттік кірістер органдары көрсеткен қызметтердің сапасын арттыруға тікелей әсер етеді.

2022 жылдың шілде айының қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қарақия ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Абай Нұржанов "қызмет көрсету орталығының үздік қызметкері" деп танылды.

Абай Нұржанов Мемлекеттік кірістер органдарында 2020 жылдан бастап жұмыс істейді.