16.08.2022 _ 11:40

Энергетика вице-министрі: тарифтерді түзету энергетика секторының жағдайына жағымды әсер етеді деп үміттенеміз

2022 жылғы 9 маусымда шекті тарифтерді көтеру туралы бұйрықтың жобасы Ашық НҚА сайтында жарияланды. «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен және Энергетика министрлігінде аккредиттелген сараптамалық ұйымдармен талқылау жүргізілді. Бұйрық жобасы қоғамдық кеңесте қаралып, Ашық НҚА порталының электрондық алаңында талқыланды. Бұл туралы ОКҚ өткен  брифингінде ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов мәлімдеді.

Тарифтерді түзету 2022 жылғы 30 маусымда жүргізілді.

«Осы бұйрық 2022 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілді. Қазақстан бойынша энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерінің орташа өсуі 10-12% деңгейінде болжануда. Бұл ретте Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің батыс аймағынан басқа Қазақстанның барлық өңірлері бойынша электр энергиясын өткізетін Екібастұз ГРЭС-1-нің шекті тарифі өзгеріссіз қалды. Екібастұз ГРЭС-1-нің шекті тарифін ұйымдардың басқа станциялары тарифтерінің 4-тен 12%-ға дейінгі диапазонда ұлғаюы аясында сақтау түпкілікті тарифтерге ең аз әсер етеді. 47 энергия өндіруші ұйымның 21 энергия өндіруші ұйымы бойынша тариф бұрынғы деңгейде сақталды. Шекті тарифтерді қайта қарау станция қызметкерлерінің әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді, себебі соңғы уақытта жалақының төмен болуына, қымбатшылыққа қатысты шағымдар көп болды. Біз осының бәрін түсінеміз, сондықтан тарифтерді түзету энергетикалық сектордың ахуалына оң әсер етеді деп үміттенеміз», - деді спикер.