19.08.2022 _ 14:10

ҚР МСМ: халықтың 34,2% спортпен айналысады

Мемлекет басшысы жыл сайынғы жолдауларында, тапсырмаларында салауатты өмір салтына, спорт саласына ерекше назар аударады. Бүгінгі күні елімізде 6,5 млн адам жүйелі түрде дене шынықтырумен айналысады. Бұл халықтың 34,2% құрайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР МСМ Спорт және Дене шынықтыру істері комитеті төрағасының м.а. Бекболат Байжанов мәлімдеді.
ҚР МСМ: халықтың 34,2% спортпен айналысады

Спикер түрлі бұқаралық жарыстар көп ұйымдастырылатынын атап өтті.  


«Биыл Петропавл қаласында әкімдіктер, мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада, Жетісу облысында ауыл жастары ойындары өткізілді. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында министрліктердің қызметкерлері арасындағы спартакиада басталды. Қыркүйек айында Шымкентте есту қабілеті төмен жандар арасында республкиалық спартакиада, 11 қыркүйекте Түркістанда «Тұран барысын» өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, 15-30  қыркүйекте 1200 км қашықтыққа көп күндік бәйге-марафон өткізу көзделген. Ол Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алып, Түркістан қаласында аяқталады. Жарысқа Ақмола, Қарағанды, Ұлытау облыстарынан және Түркістан қаласынан 20 команда қатысады», - деді МСМ өкілі.  


ҚР МСМ Спорт және Дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасарының мәліметінше, елімізде 481 балалар спорт мектебі, облыстарда 13 дарынды балаларға арналған мектеп интернаты, 4 республикалық мектеп интернаты, бір спорт колледжі жұмыс істеп жатыр.