19.08.2022 _ 14:30

Қазақстанда спорт саласында реформалар жүргізіледі

Елімізде спорт саласында реформалар қолға алынбақ. Бұл ретте 1994 жылы қабылданған қаулыға өзгерістер енгізіліп, биыл спортшылар саны мыңнан 3 мыңға дейін ұлғаяды. Республикалық бюджеттік комиссияның оң шешімі бар. Қазіргі кезде министрлік тарапынан қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР МСМ Спорт және Дене шынықтыру істері комитеті төрағасының м.а. Бекболат Байжанов мәлімдеді.

Сонымен қатар Жаттығу орталығының жұмысы ұйымдастырылады. Ол Алматыдағы республкиалық спорт колледжі базасында ашылады.  


«Бұл орталықты ашпас бұрын жан-жақты қарап, зерттедік. Әлемдегі барлық озық елдер осы жүйеге көшкен екен. Бүгінде 90 елде Жаттығу орталықтары жұмыс істеп жатыр. Бұл орталықты құрудағы мақсатымыз – спорттағы резервті сақтап қалу және оны одан әрі жетілдіру, машықтану жұмыстарын дұрыс жолға қою», - деді спикер.  


Сондай-ақ спорт саласындағы тағы бір мәселе шешімін тапты. Төрешілердің еңбекақысы 2024 жылға дейін кезең кезеңімен көтерілетін болады.  


Сонымен қатар материалдық жабдықтар сатып алу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Өңірлік спорт басқармаларының жұмысын жетілдіру бойынша да бірқатар шаралар қабылдануда. Мәселен, республикалық аналог бойынша спорттық дамыту дирекциясын құру ұсынылып отыр. Бұл өз кезегінде облыстағы командалардың машықтану, жаттығу жұмыстарын жолға қояды және бір көзден қаржыландыру тетігін нығайтады.  


Бұдан бөлек, жарыстарда жүйелі түрде нәтиже көрсетіп отырған басым спорт түрлерін қаржыландыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол үшін заңға тиісті өзгерістер енгізіліп, қосымша құжаттар қабылданады.