22.08.2022 _ 08:12

Ташкентте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының XVII кездесуі өтті

2022 жылғы 19 тамызда Ташкентте Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының он жетінші кездесуі өтті, оған Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетов қатысты.

Іс-шара барысында ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы ахуалға байланысты көптеген мәселелер талқыланды.

Тараптар терроризмге, сепаратизм мен экстремизмге, қару-жарақ пен есірткінің заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл, халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету  сияқты салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың негізгі аспектілері бойынша пікір алмасты.

Кездесу барысында Ауғанстандағы  ахуалды тезірек реттеу – ШЫҰ аймағында бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудың негізгі факторларының бірі екені атап өтілді. Тараптар бұл елдің тәуелсіз, біртұтас, демократиялық, бейбіт және терроризмнен, соғыстан, есірткіден ада мемлекет ретінде қалыптасуын қолдады.

Ғизат Нұрдәулетов әріптестеріне ШЫҰ қызметінің маңызды бағыттары бойынша Қазақстанның ұстанымын жеткізді және еліміздің мүдделерін ескере отырып, Ұйымның одан әрі үйлесімді дамуы жөнінде бірқатар ұсыныстар айтты.

Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы БҰҰ мақұлдаған Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары бойынша Алматыда БҰҰ Орталығын құру жөніндегі Қазақстанның бастамасын бірлескен қолдаудың ерекше өзектілігін атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша іс-шараға қатысушылар тиісті Хаттамаға қол қойды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының келесі кездесуін Үндістан Республикасында өткізу жөнінде шешім қабылданды.

Сонымен қатар, кездесу барысында Ғизат Нұрдәулетов Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Виктор Махмудовпен, Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Николай Патрушевпен, Пәкістан Ислам Республикасы Ұлттық қауіпсіздік бөлімінің Хатшысы Аамир Хасанмен және Моңғолия Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Жадамбын Энхбаярмен келіссөздер жүргізді. Өңірлік қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты кеңейтудің өзекті мәселелері қарастырылды.