22.08.2022 _ 09:06

Қазақстанда алғаш рет 1200 шақырымға бәйге марафоны өтеді

15-30 қыркүйек аралығында Қазақстанда көпкүндік бәйге марафоны өтеді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бекболат Байжанов мәлімдеді.

"Биыл Петропавлда әкімдіктер мен мемлекеттік қызметкерлер арасында үлкен байқау өткіздік. Одан кейін Жетісу облысында ауыл жастарының ойындары өтті. Сондай-ақ, бүгін Нұр-Сұлтанда министрліктер қызметкерлері арасында спартакиада өтті. Қыркүйек айында Шымкентте нашар еститіндер арасында республикалық спартакиада өтеді. 1 қыркүйекте Түркістанда "Тұран барысын" өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, 15-30 қыркүйек аралығында көпкүндік бәйге марафонын өткізу жоспарда бар. Ол Нұр-Сұлтанда басталып, Қарағанды, Ұлытау облыстары арқылы өтеді. Бұл марафонның жалпы қашықтығы – 1 200 шақырым. Әр облыстан 20 команда қатысады", - деді Бекболат Байжанов. 

Оның айтуынша, бүгінде елімізде 6,5 млн адам спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл республика тұрғындарының жалпы санының 34,2% құрайды.