23.08.2022 _ 11:15

ҚР ЭГТРМ: Ақтөбе және Атырау қалаларында жоғары ластанудың себебі -ескірген кәріздік-тазарту құрылыстары

ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аумақтардың экологиялық жағдайына тоқталды.
ҚР ЭГТРМ: Ақтөбе және Атырау қалаларында жоғары ластанудың себебі -ескірген кәріздік-тазарту құрылыстары

Экологиялық мониторинг нәтижелеріне сәйкес 45 өнеркәсіптік қала мен мегаполистердің 9 қаласы атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне жатады. Бұл Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен және Шымкент қалалары. Жезқазған қаласы осы жылдың басында жоғары деңгейден орташа деңгейге өтті.

«Жалпы республика бойынша осы жылдың І жартыжылдығында ластаушы заттар шығарындыларының жалпы көлемі 0,9 млн тоннаны құрады, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға төмен. Республика қалаларында атмосфералық ауаның ластану себептерін үш санатқа бөлуге болады. Мысалы, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында ластанудың негізгі пайызы жылу көздеріне, автокөлікке және жеке секторға тиесілі. Өскемен және Теміртау қалаларында эмиссиялардың ең көп көлемі өнеркәсіпке тиесілі. Ақтөбе және Атырау қалаларында ескірген кәріздік-тазарту құрылыстары жоғары ластанудың себебі болып табылады»,- деді ведомство өкілі.