23.08.2022 _ 11:30

2025 жылға қарай жол карталарын іске асыру 9 қалада атмосфераның ластану индексін жоғары деңгейден орташа деңгейге төмендетуге мүмкіндік береді

Экологиялық проблемаларды шешу жолдары барлық өңірлердегі жұртшылықпен және экобелсенділермен талқыланды. Талқылау нәтижелері бойынша 16 жол картасы әзірленіп, онда 485 іс-шара көзделген. Бұл туралы ОКҚ брифингінде ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов айтып берді. Екі жыл ішінде 178 іс-шараның 96-ы орындалды.
2025 жылға қарай жол карталарын іске асыру 9 қалада атмосфераның ластану индексін жоғары деңгейден орташа деңгейге төмендетуге мүмкіндік береді иллюстративное фото с сайта inbusiness.kz

«Атап айтқанда, Ақмола облысының Аршалы ауданында жел электр станциясы іске қосылды, Түркістан облысында «Түркістан жылу» МКК қазандығы табиғи газға ауыстырылды. Арал қаласында қуаты жылына 37,8 мың тонна жаңа ҚТҚ салынды. Маңғыстау облысында 2025 жылдың соңына дейін іске асыру мерзімімен «Қошқар ата» ластанған орынды жою басталды. 2022 жылға 73 іс-шара қарастырылған, оның 4-і бүгінгі күні орындалды. Биыл экологиялық проблемаларды ескере отырып, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстары бойынша жол карталарына қосымша іс-шаралар енгізілді. 2025 жылға қарай жол карталарын іске асыру 9 қалада атмосфераның ластану индексін жоғары деңгейден орташа деңгейге дейін төмендетуге мүмкіндік береді, бұл атмосфералық ауаның жағдайын жақсартуға ықпал етеді», - деп атап өтті спикер.  


Қоршаған ортаға эмиссияларды төмендету «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында да көзделген. 10 қаладағы 16 ірі өнеркәсіптік объект эмиссияларды 20-30%-ға төмендету бойынша міндеттемелерді мойнына алды. Оларға қолжеткізу үшін кәсіпорындар ең озық технологияларды енгізіп, тиісінше жаңа экологиялық кодекс шеңберінде кешенді экологиялық рұқсаттар алатын болады.