23.08.2022 _ 11:45

Ақтөбе облысының жол картасы жаңа іс-шаралармен толықтырылды

Ақтөбе қаласында кәсіпорындардан шығарындылардың көлемі І жартыжылдықта 9,7 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,2 мың тоннаға жоғары. Оның ішінде өнеркәсіп нысандарының үлесіне 91%, жылу энергетика объектілеріне эмиссиялардың 8,6% тиесілі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов мәлімдеді.

«Атмосфералық ауаның ластану проблемасын шешу үшін жол картасы бекітілді, оған 33 іс-шара енгізілді. Іс-шараларды іске асыру эмиссияны 20-дан 30%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Қазхромдағы 2 цехты жаңғырту және қайта құру жүргізілуде, бұл ластаушы заттардың шығарындыларын 30%-ға азайтуға мүмкіндік береді. Жаңғыртуды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Канализациялық тазарту құрылғыларын жаңғырту және реконструкциялау бойынша жұмыстар басталды. Қазіргі уақытта кәріз-тазарту құрылыстарында күкіртсутегінің шығарылуын болдырмайтын және басатын арнайы катализатор қолданылады. Бұл ретте күкіртсутектің иісін толық жою мақсатында әкімдік қаланың канализациялық тазарту құрылғыларын қайта жаңартуды жеделдетуі қажет. Аудан орталықтарында 3 қатты тұрмыстық қалдық полигонының құрылысы аяқталды. 2024 жылдың соңына дейін тағы 6 полигон салу жоспарланған. Кәсіпорындардың күшімен 13 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда», - деді спикер. 


Сонымен қатар Ақтөбе облысының жол картасы күкірсутегінің шығындыларын азайту; жер асты сулары шекарасында жер қойнауын пайдаланушылардың қызметін тоқтатумен Көкжиде кен орнындағы консервацияланған және жойылған ұңғымаларға зерттеу жүргізу; Елек өзенінің жерасты суларының алты валентті хроммен ластану ошағын зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және оны жою бойынша жобаны іске асыру секілді мәселерді көздейтін жаңа іс-шаралармен толықтырылды.