23.08.2022 _ 12:20

Шымкентте жыл соңына дейін үйлердің 94%-ын газдандыру жоспарланған

Шымкент қаласында атмосфералық ауаға шығарылатын шекті рұқсат етілген заттар көлемі 12 мың тоннадан асты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,5 мың тоннаға жоғары. Оның ішінде өнеркәсіп объектілерінің үлесі 94,7% құрайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов мәлімдеді.
kapital.kz

«Экологиялық мәселелерді кешенді шешудің Жол картасында 29 іс-шара қарастырылған. оның ішінде бүгінгі таңда 8 іс-шара орындалды. Атап айтқанда, жасыл желектерді паспорттау жұмысы жүргізілді. 16 мың га алқапқа жасыл желек отырғызылмақ, қазірдің өзінде 162 га алқапқа сексеуіл егілді. Сондай-ақ жеке секторды газдандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде үйлердің 93%-ы газбен қамтылған, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 94%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.  Кең таралған пайдалы қазбалар карьерлерін өңдеу кезінде бүлінген жерлерді қалпына келтіру бойынша жұмыстар қолға алынды. 3 кен орны рекультивацияланды, 8 - рекультивациялау процесінде. Құрылыс қалдықтары полигоны үшін оларды одан әрі өңдеу үшін жер учаскесі бөлінді», - деді Жолдасов.