23.08.2022 _ 14:35

Қаңтар оқиғалары: бірқатар қылмыстық істер сотқа жіберіледі

Жұртшылыққа тек ресми дереккөздерден ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі көптеген бейнежазбалардан жаппай тәртіпсіздіктер кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты қатыгез түрдегі зорлық-зомбылық қолдану фактілері белгілі. Олардың көпшілігі өз міндеттерін орындау кезіндегі қызметкердің өміріне қол сұғушылық ретінде бағаланады, ол үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлімдеді.

«Мысалы, 5 қаңтарда Семей қаласындағы тәртіпсіздіктер кезінде осы қаланың тұрғыны заңсыз әрекеттерді тыю туралы заңды талапқа бағынбай, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысқан Ұлттық ұланның әскери қызметшісіне дене жарақатын салған. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы бір мысал, 3 қаңтарда Өскемен қаласында полиция қызметкерлерінің заңсыз митинг ұйымдастыру әрекеттерінің жолын кесу кезінде осы қаланың тұрғыны оларға қарсылық көрсетіп күш қолданған. Өскемен қаласы сотының үкімімен ол кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Жаппай тәртіпсіздік кезінде қызметкерлерге қатысты күш қолдану фактілері бойынша бірқатар қылмыстық істер әлі өндірісте, олар жақын арада сотқа жіберілетін болады»,- деді спикер.


Ішкі істер министрлігі еліміздегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдауда. Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов ресми ақпарат көздеріне сенуге және арандатушылыққа бой алдырмауға, жалған ақпарат таратудан аулақ болуға шақырды.