24.08.2022 _ 11:30

2023 жылдан бастап қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттің арнайы әдеби сыйлығы тағайындалады

Елімізде әдебиетімізге жаңа есімдер мен тың дүниелердің қосылуына айрықша мән беріліп отыр. Биыл «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен жаңа кітаптар шығарылуда. Оған қоса балалар әдебиеті де жарық көрді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР МСМ Архив және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш хабарлады.

«Жақында ашық аспан астында «Алматы кітап жәрмеңкесі» өткізілді. Халық үлкен қызығушылық танытты. Бұл шараға 50-ден астам отандық баспа мен кітап дүкендері  қатысты. Кейбір баспалардың айтуынша, үш күндік жәрмеңкеде жарты жылда сатылатын кітаптарын өткізген. Алдағы уақытта «Ұлы Жібек жолымен» атты халықаралық кітап және полиграфия жәрмеңкесін өткізу жоспарланған. Елімізде жас қаламгерлер легін қалыптастырып, оларға тиісті қолдау білдіру, сондай-ақ олардың әлемдік деңгейдегі тақырыптарға қалам тербеуіне мүмкіндік туғызу мақсатында 2023 жылдан бастап қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттің арнайы әдеби сыйлығын тағайындайтын болады. Сыйлық 19-29 жас аралығындағы жас қаламгерлерге «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Балалар әдебиеті» номинациялары бойынша бұрын жарияланбаған шығармалары үшін табысталады. Сыйлық қоры әр номинация бойынша 4 млн теңге. Бұл сыйлық әдебиетке енді қадам басқан жас ақын-жазушыларға арналған», - деді спикер.