24.08.2022 _ 11:15

«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына «Үздік кітап» және «Үздік комикс» номинациялары енгізілді

Биыл 15 маусымда «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы жарияланған болатын. Ұлттық әдеби сыйлықта «Үздік поэзия», «Үздік проза», «Үздік драматургия», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік аударма», «Үздік комикс» және «Үздік кітап» номинациялары қарастырылған. Сыйлық қоры әр номинация бойынша 5 млн теңге жүлде тағайындалған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР МСМ Архив және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш мәлім етті.
«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына «Үздік кітап» және «Үздік комикс» номинациялары енгізілді

Бұл ұлттық әдеби сыйлықтың басқа сыйлықтардан ерекшелігі әдеби туындылардан бөлек баспа ісін қолдау мақсатында «Үздік кітап», сонымен қатар заман көшіне сай ел көлемінде бірінші рет «Үздік комикс» номинациялары енгізіліп отыр. 

«Елімізде әдебиетті дамыту бойынша көптеген игі істер атқарылып жатыр. Соның бір парасы осы деп ойлаймыз. Қазір Мәдениет және спорт министрінің өкілдері өңірлерді аралап, халықпен кездесулер өткізуде. Сондай-ақ шығармалардың өзектілігін анықтап, қоғамға қажеттісін іріктейтін 4 сатылы комиссия жолға қойылды. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп,  ең үздік, көркем шығармаларды іріктеуге мүмкіндік береді. Оның ішінде онлайн дауыс беру, тәуелсіз  комиссиялар,  ведомствоаралық комиссия бар. Келіп түскен қолжазбалардың барлығы арнайы сарапшылар қаламақы ала отырып, оқып, оған өз  бағасын беретін болады. Соның негізінде ғана кітап  жарыққа шығады»,  - деді спикер.  

 
Комитет төрағасы «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы да келешекте дәрежесі биік марапатқа айналатынына сенім білдірді. Айта кетейік, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы орта жастағы қаламгерлерге арналған.