24.08.2022 _ 14:40

Биыл тауарлардың электрондық каталогы қолданысқа енгізілді

Елімізде «Тауарлардың электрондық каталогы» жобасы енгізілді. Каталогты жасаудың мақсаты - тауарлар сипаттамаларының біріздендірілген және стандартталған сипаты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қаржы вице-министрі Эльдар Қазғанбаев мәлімдеді. Электрондық каталог биыл 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді және жалпыға қолжетімді.

«Каталог деректерді толтыру тәртібінде жұмыс істейді. 1 шілдеден бастап мемлекеттік сатып алуда тауарлардың техникалық ерекшеліктерін қалыптастыру функционалы қолжетімді. Қазірдің өзінде каталогтан шамамен 16 мың техникалық ерекшелік қалыптастырылды. Бүгінгі күні 2000-нан астам пайдаланушы тіркелді. 461 мың тауар енгізілді», - деді спикер. 


Оның айтуынша, биыл каталогты тауарлармен толтыру және Тауарлардың электрондық каталогынан сатып алынатын тауарлар тізбесін кеңейту бойынша жұмысты күшейту жоспарланған. Сондай-ақ, тауарларды модерациялау процесі үшін нейро желілерге негізделген машиналық оқыту технологияларын қолдану көзделген.