Ералы Тоғжанов өзге аймақтардан көшіп келген отбасылардың өмір сүру жағдайымен танысты. 2016 жылдан бастап аймаққа 11 000-нан астам адам көшіп келген. Еңбекке қабілетті 4,6 мың адамның 3,6 мыңы жұмыспен қамтылды, келгендердің тұрақтап қалу көрсеткіші – 94%.
Солтүстік Қазақстан облысына тұрақты тұруға келгендердің бірі – Фатима Нәбиева. Ол солтүстікке Маңғыстау облысынан көшіп келген. Қазір жергілікті дәрігерлік амбулаторияда жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмыс істейді.
«Солтүстік Қазақстан мені жылы қабылдады. Бұл жердің климаты жанға жайлы және өмір сүру үшін жақсы жағдайлар жасалған. Тұрғын үймен және жұмыспен қамтамасыз етті. Барлық қажетті квоталарды берді», — деді Фатима Нәбиева.
«Біз ауылдардың дамып келе жатқанына нақты мысалдарды көріп отырмыз. Қоныс аударушыларға жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. СҚО-ға еліміздің әр өңірінен адамдар келуде. Алматы, Түркістан, Маңғыстау облыстарынан қоныс аударушылар бар», — деді вице-премьер.
Үлгілі ауылдардың бірі – Полтавка. Мұнда «Полтавское» ЖШС өз қаражаты есебінен 40 орындық балабақша ашты. Құрылысқа 340 млн теңге бағытталды. 11 жаңа жұмыс орны ашылып, 30 баладан жинақталған топ құрылды.
Сондай-ақ кәсіпкерлер ауыл тұрғындарының қосалқы шаруашылығын қолдаудың табысты тәжірибесін енгізді. Тұрғындар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен он күндік бұзау сатып алып, оларды әрі қарай сату үшін бағып өсіреді. Осылайша әркім өз қосалқы шаруашылығын жоқтан бастай алады.
5 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орнын құра отырып, 42 инвестициялық жобадан 583 млрд теңге сомасына пул құрылды.
Осы жылы 53 млрд теңгеге 19 инвестициялық жоба іске қосылып, 1300-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
Жастарды жұмыспен қамту «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары шеңберінде жүзеге асырылады. Жыл басынан бері облыс бойынша 3,5 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылды. Жыл соңына дейін 6 мыңнан астам адам қамтылатын болады.