27.08.2022 _ 14:50

Жаңа оқу жылына дайындық барысында көмек пен қолдауға мұқтаж балалардың мектепке дайындығына баса назар аударылады

Мұқтаж  отбасыларға материалдық көмек көрсету және балалардың білім алу құқығын 100% қамтамасыз етуді мемлекеттік қолдау мақсатында 2008 жылы №64 Үкімет қаулысы шықты, онда жалпыға бірдей міндетті орта білім беру қоры немесе жалпыға бірдей оқу қоры белгіленген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді.

«Қордан берілетін көмек келесі санаттағы оқушыларға бағытталған: мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының балаларына, мемлекеттік әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ табысы жан  басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін отбасылардың балаларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, оқыс жағдайда ұшыраған жедел көмекке зәру отбасының балаларына, білім мекемесі анықтайтын  өзге де санаттағы балаларға. Сонымен қатар Үкімет қаулысына өзгерістер енгізіліп, қаражат ата-аналардың карт шотына аударылатын  болды. Сондай-ақ ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес мөлшерде киім, аяқ киім, мектепке керек-жарақтар сатып алу үшін әрбір білім алушыға ең төменгі қаражат көлемі айқындалды. Биыл өткен жылға қарағанда 3 есе артық қаржы белгіленді. Былтыр мөлшерлік сома 17 мыңды құраса, биылдан  бастап  37 мыңнан  басталады», - деді спикер.