27.08.2022 _ 11:30

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшыларына пациенттердің мәселелерін қандай қағидат бойынша шешу керектігі түсіндірілді - Ж. Бүркітбаев

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте халықтан медициналық қызмет сапасына қатысты келіп түскен шағымдар санының артуының себептеріне тоқталды.

 
«Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне келіп түскен шағымдарды талдау халықтан медициналық көмектің сапасына келіп түскен өтініштердің көбейгенін көрсетеді. Бірінші жартыжылдықта 2,8 мың өтініш түскен. 30%-дан астам жағдайда фактілер расталады. Денсаулық сақтау министрлігінің өткен алқа отырысында халықтан медициналық қызмет сапасына келіп түскен шағымдардың себептері талқыланды. Негізделген шағымдар бойынша өңірлерді саралау нәтижелері бойынша қолайсыз өңірлер анықталды. Аталған өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларының басшыларына медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша шұғыл шаралар қабылдау және пациенттерді қолдау қызметтерінің жұмысын «осы жерд және дәл қазір» қағидаты бойынша күшейту бойынша тапсырмалар берілді», - деді вице-министр.


Оның айтуынша, тұрғындарының мәселелерін жедел шешуге call-орталық та көмектеседі. Биылғы 6 айда онда 400 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Бұл ретте ТМККК / МӘМС шеңберінде медициналық қызметтерге қатысты шағымдар саны 1,7 есеге өсті. 


«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 2022 жылдың І жартыжылдығында 11 мыңнан астам адам медициналық қызмет сапасының төмендігіне, медициналық қызмет көрсетуден бас тартуға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша шағымданған.  Шағымдардың 80% себебі медицина қызметкерлерінің, медициналық ұйымдар басшылығының нашар қарым-қатынасы болып табылады. Пациентті қолдау қызметтерінің жұмысын медициналық ұйымдардың басшылығы да, денсаулық сақтау басқармалары да тиісті түрде бақыламайды», - деп атап өтті спикер.