Үкімет басшысы депутаттарға ҚР Президентінің облыс әкімі қызметіне Ұласбек Сәдібеков пен Дархан Сатыбалдының кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқып берді.
Әлихан Смайылов кандидаттардың әрқайсысының өңірді басқару үшін кәсіби тәжірибесі мол және қажетті құзыреттері бар екенін атап өтті.
Дауыс беру нәтижесі бойынша 286 депутаттың 200-і Дархан Сатыбалдының кандидатурасын жақтап дауыс берді, 86 депутат Ұласбек Сәдібековті таңдады.
Мәселен, Түркістан облысын дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында бірқатар маңызды жобаларды іске асыру көзделген, оның ішінде жаңа өнім шығару, жолдарды жаңғырту, тұрақты жұмыс орындарын құру және жалпы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жабалар бар.
«Өңір басшылығы экономиканы барынша әртараптандыру бойынша жұмысты жандандыруы қажет. Тұрғындарды жұмыспен қамтып, азық-түлік өнімдері бағасының өсуін тежеу, халықты газбен және сумен жабдықтау, сондай-ақ мектептегі орын жетіспеушілігін жою мәселелеріне бірінші кезекте назар аудару қажет», — деді Премьер-Министр.
Бұл орайда Үкімет басшысы облыс әкімдігінің жұмысы халықпен тиімді диалог негізінде құрылуы тиіс екеніне назар аударды.
Әлихан Смайылов қазіргі уақытта туризмнің облыс экономикасының негізгі салаларының бірі екенін, сондықтан отандық және шетелдік туристер үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.