31.08.2022 _ 14:10

Құтлық қаған кешенінің ашылуы - Түркі әлемі үшін үлкен жаңалық

Білге қаған мен Күлтегіннің әкесі, II Түрік қағандығының негізін қалаған Құтлық қағанның кешенінің табылуы – бұл баршамыз үшін, түркі әлемі, түркі халықтары үшін, сондай-ақ күллі көшпелі жұрт үшін үлкен жаңалық. Бұған бауырлас елдердің қолдауымен осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қол жеткізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мәлімдеді.

«Бұл жұмыстар одан әрі жалғасын табады. Себебі бұдан басқа осындай әлі 9 кешен бар. Бұл жұмыстар тағы бірнеше жыл бойы жүргізіледі. Бұл үлкен кешенді түріктің тасқа басылған алғашқы паспорты деуге болады. Өйткені түркі атауы бірінші рет осы түрік жазбасы мен Құтлық қаған жазбасында кездесіп отыр. Бұл әлемде үлкен жаңалық ретінде қабылданды және Күлтегін, Білге қаған жазбаларынан кейінгі түркология, түркітанудағы үлкен жетістік ретінде бағаланып отыр.  Тағы бір ерекшелігі – Құтлық қағанның ұрпақтары да экспедицияға қатысты. Бұрынғы жазба ескерткіштеріміз жер бетінде тұрды, олар қиратып, талқандап, бұзып кеткен жерінен қазба жұмыстары арқылы табылып, жер бетіне шығарылып отыр. Алғаш рет өз ұрпақтары оны әлемге жария етіп отыр», - деді спикер.