31.08.2022 _ 14:20

Құтлық қағанның кешенінде үш тілде бітік жазуы бар - Базылхан Нәпіл

Құтлық Елтеріс қаған кешенінің табылуы – ерекше жағдай. Өйткені ол жерасты қазба жұмыстары, археологиялық зерттеулер барысында табылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері Базылхан Нәпіл мәлім етті.

«Табылған құнды олжада үш тілде бітік жазуы бар, біріншісі көне түрікше, екіншісі соғды жазуы. Үшінші жазуға талдау жүргізіліп жатыр. Мәтіндердегі таңба әрпінің өзі көне түрік бітік жазуының таңба әріптерінің ерекшелігі де ескі. Күлтегін, Білге қағанда оның классикалық түрі болса, бұл алғашқы түрлері, яғни көне. Сондай-ақ көне түрік тас ескерткіштерінде сөз тіркестерін екі нүктемен белгілеген, ал мұнда үш нүкте. Бұл көне түрік жазуларының алғашқы формаларының бірі. Соғды жазуы әлі зерттеліп жатыр. Үлкен ғылыми еңбек жарияланады деп үміттенеміз», - деді ғылыми қызметкер.