02.09.2022 _ 10:10

А.Жолдыбалина: Жолдаудың ең басты бағыты - азаматқа қамқорлық көрсету, халықтың әл-ауқатын өсіру

Президенттің Жолдауы ең ауқымды жолдаулардың бірі болды. Онда көптеген мәселелер қамтылды. Жалпы, Жолдаудың ең басты бағыты - адамға, азаматқа қамқорлық көрсету, халықтың әл-ауқатын өсіру. Кез келген мемлекет әйел адамға, балаға, өз азаматтарына деген қамқорлығымен бағаланады. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған сарапшылар отырысында осындай пікірін білдірді.

«Ең маңызды бағыттардың бірі - адами капиталдың дамуы. Ауылдық жерлерде ауруханалардың  дамуы, фельдшерлік пункттердің ашылуы – бұл өзекті мәселелердің бірі. Себебі бүгінде ауылда 7,5 млн жуық адам тұрады. Бұл жалпы халықтың 38,8%. Адам өмірінің сапасы, жалпы адамның әл-ауқаты денсаулықтан басталады. Бұған  пандемиядан кейін көзіміз жетті. Тағы бір ауқымды бағыт – мемлекеттік басқару. Мемлекеттік басқарудың тиімділігі, жаңаша көзқарас, жаңа механизмдер – елімізде ұлттық жобаларды жүзеге асыруға тиімді әсерін тигізеді. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі олқылықтар жаңартуды, жетілдіруді қажет етеді. Сондықтан осы бағытқа үлкен мән берілді. Үшінші бағыт - саяси институттардың одан әрі дамуы. Президент, парламент сайлауын  өткізуге қатысты ұсыныстар Қазақстандағы саяси институттардың одан әрі дамуына септігін тигізіп, Жолдауда көрсетілген негізгі бағыттарды ары қарай дамытуға мүмкіндік береді», - деді Жолдыбалина.