05.09.2022 _ 11:40

Жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша жедел шаралар қабылдау үшін комиссия құрылды

Қазақстан аумағынан бензин, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салу жөнінде бірлескен бұйрық қабылданды. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов ішкі нарықты мұнай өнімдерінің қажетті көлемімен қамтамасыз ету үшін қабылданған шараларға тоқталды.
Жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша жедел шаралар қабылдау үшін комиссия құрылды

Оның айтуынша, автожанар-жағармай станцияларында сараланған бағалар енгізілді. Дизель отынының лимиттелген көлемін босату бойынша бақылауды іске асыру мақсатында толықтырулар енгізіледі.


«Сонымен қатар вагон-цистерналарды беру саны ұлғайды, дизель отынын орташа тәуліктік тиеп-жөнелтудің өсуі тамыздың бірінші жартысындағы 15,6 мың тоннадан айдың соңында тәулігіне 18,9 мың тоннаға дейін қамтамасыз етілді, яғни өсім 21,7%-ды құрады. Мұнай өнімдерінің басқа түрлерін тек ҚР МӨЗ-дерінен экспорттауға рұқсат етілген. Дизель отынының қалдықтары бойынша жағдайы ең қиын өңірлерге басымдықпен жөнелту жүзеге асырылады. «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазмұнайгаз» компаниясы Үкімет тапсырмасы шеңберінде қыркүйек-қазан айларында дизель отынының қажетті көлемін импорттауға арналған келісімшартқа қол қойды. Сондай-ақ жанар-жағармай бағасын негізсіз көтеру және сатудан бас тарту мәселелері бойынша азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою үшін Энергетика министрлігінде және ірі автожанармай құю станциялары желілерінде «колл-орталықтар» құрылды»,  -  деді спикер.


Ведомство басшысы жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша жедел шаралар қабылдау үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия құрылғанын атап  өтті.


Қалдықтардың мониторингі және жергілікті деңгейде шешімдер қабылдау үшін облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері деңгейінде жедел штабтар құру жоспарлануда.