05.09.2022 _ 12:10

М.Мырзағалиев: Биыл битум тұтыну көлемі 1,1 млн тонна болады деп күтілуде

Қазақстанда дизель отынының күн сайынғы қоры 14 күнге, Аи-92 бензині 16 күнге, Аи-95 14 күнге дейін жетеді. Осылайша, өндірілген жанар-жағармай көлемі (мұнай базалары мен жолдағы) өнімнің жеткілікті екенін көрсетеді. Авиаотын мен битум бойынша тұтыну көлемі бірқатар факторларға байланысты артқаны байқалады. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.

«Бірінші кезекте, авиаотын бойынша Қазақстан мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту барысында ішкі авиатасымалдардың қажеттілігін қанағаттандыру міндеті қойылғанын атап өткен жөн. Қазір авиаотын тұтынудың екі есе ұлғаюына, әлемдегі геосаяси ахуалды қоса алғанда, транзиттік шетелдік авиатасымалдаушылардың жанармай құю көлемінің артуы әсер етті. Осыған байланысты еселенген авиаотынға сұраныс импорт есебінен өтеліп жатыр. Битум өндіру мен тұтынуға келер болсақ, Қазақстанда битум өндірісінің ең жоғары қуаты жылына 1,37 млн тоннаны құрайды.  Биыл битум тұтыну көлемі 1,1 млн тонна болады деп күтілуде. Былтырмен салыстырғанда өсім – 15 пайыз. Бұл ретте, өндіріс көлемі 952 мың тоннаға бағаланады. Өндірістегі тапшылыққа «ҚазМұнайГаздан» басқа зауыттардың өндіріс қуаты толық жүктелмеуі және тұтынудың маусымдық өсімі себеп», - деді спикер.