08.09.2022 _ 14:20

Ә.Қуантыров: 2030 жылға дейінгі салық саясатының негізгі тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр

Фискалдық реттеуді қайта жаңғырту мақсатында 2023 жылы жаңа Салық кодексінің жобасы әзірленеді. Салықтық әкімшілендіруді оңайлатуға және цифрландыруға ерекше назар аударылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінде 2030 жылға дейінгі салық саясатының негізгі тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Президент қойған жаңа міндеттер бюджеттік жоспарлауды бюрократиядан арылтуға және бюджетаралық қатынастарды жетілдіруге байланысты жұмыстың қисынды жалғасы болады. Сондықтан мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасының ережелерін және басқа да өзекті мәселелерді қамтитын жаңа Бюджет кодексін әзірлеу тиімді және үнемді бюджет саясатын қамтамасыз етуге жаңа серпін береді. Жаңа Салық және Бюджет кодекстерін әзірлеу, қоғаммен бірлесіп және сарапшылардың бизнес қоғамдастық  өкілдерінің қатысуымен жүргізілетін болады», -  деді министр.