Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев таяуда Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау үшін су саласын дамытудың үш жылдық кешенді жоспары әзірленіп жатқанын хабарлады.
Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы өндірушілерін су үнемдеу технологияларын пайдалануға ынталандыратын тетіктер әзірленеді, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және су қоймаларын салу жұмыстары жанданады, магистральдық және шаруашылықаралық суару каналдарын Бірыңғай цифрлық есепке алу жүйесі дамиды.
Премьер-Министр аталған тәсілдерді қолдап, әр бағытты сапалы пысықтаудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар Әлихан Смайылов саланы дамытудың жаңа жоспарын әзірлеуді жеделдетуді және оны осы жылдың қараша айында қарауға енгізуді тапсырды.
«Су үнемдеуді ынталандырудың тиімді тетіктерін әзірлеу, кезең-кезеңмен су қоймаларын реконструкциялап, салу қажет. Міндетті түрде су ресурстарын басқаруды цифрландыру және автоматтандыру жөніндегі жұмысты кеңейту маңызды, себебі бұл – осы саладағы тиімділікті арттырудың негізгі әдістерінің бірі», — деді Әлихан Смайылов.