Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Smart Data Ukimet мемлекеттік платформасын дамыту аясында әлеуметтік қолдау шараларын проактивті түрде тағайындау үшін «Отбасының цифрлық картасы» ақпарат жүйесі әзірленгенін айтты.
Еліміздің барлық азаматтары жүйеде 5,9 млн отбасыға, экономикалық, әлеуметтік және тұрғын үй жағдайлары, денсаулық көрсеткіштері мен білімі бойынша 5 санатқа бөлінген. Осы мәліметтер негізінде қажетті қолдау шаралары анықталады, содан кейін азаматтарға оларды қабылдау туралы SMS-хабарлама жіберіледі.
Премьер-Министр жүргізіліп жатқан жұмысты қолдап, мәліметтерді тиімді талдау және халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру үшін бірыңғай платформа базасында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясын жандандыруды тапсырды.
Сондай-ақ отырыста бесінші буындағы 5G/IMT ұялы байланыс стандартын енгізу мәселесі қаралды. Жақын арада тиісті радиожиіліктерді бөлу бойынша ашық аукцион өткізіледі. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметтері бойынша, бәсекелестік жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында оған 100-ге жуық компания қатыса алады.