16.09.2022 _ 11:30

Биыл тұңғыш рет «Алматыдағы алтын күз «Қазақконцертпен» бірге» өнер фестивалі өткізіледі

«Қазақконцерттің» 62-ші концерт маусымында өте ауқымды жаңа форматтағы жаңа жобалар ұсынылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова хабарлады.

«Биыл тұңғыш рет Алматы қаласында «Алматыдағы алтын күз «Қазақконцертпен» бірге» өнер фестивалі өткізілмек. Қазақконцерт елордаға көшкеннен кейінгі алғаш рет барлық әртістер Алматы қаласына барып, үлкен концерттер , спектакльдер қояды. Сонымен қатар КСРО мен Қазақстанның Халық әртісі, «Халық қаһарманы» Роза Бағланованың 100 жылдығы аясында әншінің туған жері Қызылорда облысына гастрольдік сапарлар жоспарланып отыр. «Қазақконцерттің» «Astana Musical» мемлекеттік театры өңір халқына «Роза Бағланова» және «Достар серті» спектакльдерін сахналайтын болады. Қызылорда облысының Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарының тұрғындарына, Байқоңыр қаласында концерттік бағдарламалар ұсынылады», - деді спикер.