16.09.2022 _ 14:20

Қазақстанда 3 миллионнан астам азамат МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласына қаржының жеткілікті бөлінбеуі нәтижесінде сақтандырылған азаматтар өздеріне тиесілі медициналық қызметті толық көлемде ала алмай отырғанын айтты. Президенттің саланы қаржыландыру тәсілдерін қайта қарау туралы тапсырмасы аясында бірқатар шаралар жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС қызметін үйлестіру департаментінің директоры Гүлжан Шайхыбекова хабарлады.

«Атап айтқанда, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және халықтың 15 жеңілдік алушы санаты үшін мемлекеттің МӘМС-ке жарнасына жұмсалатын қосымша қаржыландыру мәселесін пысықтау; қаржыны әкімшілендіруді оңтайландыру және оны тиімді пайдалану мақсатында Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен МӘМС пакеттерінің қаржы ағынын біріктіруді заң жүзінде реттеу;  МӘМС жағдайында ерікті медициналық сақтандыруды толыққанды іске қосу үшін медициналық көмек бағыттары мен ерікті медициналық сақтандыру есебінен өтелуге арналған қызметтер тізбесі анықталады, сондай-ақ шетелдіктерге, дәлірек айтқанда, еңбек мигранттары мен шетелдік студенттерге міндеттелетін медициналық сақтандыру заң жүзінде бекітіліп, іске асырылады», - деді спикер. 


Бүгінгі таңда Қазақстанда 3 миллионнан астам азамат МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған. Олар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, тіркелмеген жұмыссыздар және ресми еңбек шартынсыз жұмыс істейтіндер.