19.09.2022 _ 13:43

Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастығына тың серпін беру қажет – Еркін Тұқымов

Қазақстанның АҚШ-пен саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығының әлеуеті өте зор. Бұл туралы ҚР Президенті Телерадиокешенінің «Үш сауал» жобасының қонағы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастығына тың серпін беру қажет – Еркін Тұқымов

«АҚШ пен Қазақстан арасындағы өзара іс-қимылға келетін болсақ, Тәуелсіздік алған күннен бастап барлық кезеңде саяси, экономикалық және гуманитарлық салаларда өте жақсы қарым-қатынас қалыптасты. АҚШ-пен қарым-қатынасты ең алдымен ұлттық мүддеміз мақсатында дамытамыз. Біздің барлық шетелдік серіктестеріміздің ішіндегі ең үлкен инвестициялар – бұл америкалық инвестициялар. Отандық нарықта көптеген негізгі трансұлттық корпорациялар бар. Біздің арамызда білім беру саласындағы ынтымақтастық та жақсы дамып келеді», - деді Еркін Тұқымов.

Спикер Америка Құрама Штаттары жаңа технологияларға ие жетекші жаһандық держава болғанын және болып қала беретініне назар аударды. Сондықтан елімізде технологиялық компаниялардың өкілдіктерін ашу, шикізаттық емес салаға инвестициялар тарту маңызды екенін атап өтті.

«АҚШ-пен саяси қатынастарды дамыту мәселелерінде жоғары деңгейдегі сапарлар екіжақты қатынастар сапасын жақсартуға ықпал етуі тиіс деп ойлаймын. Бізге қарым-қатынастарымызды жаңа, неғұрлым жоғары деңгейге шығаруға тырысу қажет. Екі ел арасындағы стратегиялық қатынастарды дамыту керек. Меніңше, бұл біз үшін де, Америка Құрама Штаттары үшін де маңызды», - деді ҚСЗИ басшысы.