«Құрметті жиынға қатысушылар! Сіздерді Қазақстан машина жасаушыларының X форумының ашылуымен құттықтаймын! Бұл – мемлекет пен бизнес өкілдерін осы саланы дамытудың тың тәсілдерін табуға жұмылдыратын беделді диалог алаңы.
Елімізде өңдеу өнеркәсібіне және машина жасау ісіне қолдау көрсетіліп, қолайлы жағдай жасалып отыр. Соның нәтижесінде Қазақстан компаниялары жүк және жолаушылар вагондары, автокөлік, автобус, электровоз, трансформатор сияқты жаңа өнімдер шығаруды меңгеруде.
Экспортқа бағытталған өндірісті дамытуға және жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға арналған бағдарлама жүзеге асырыла бастады. «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданып, осы саланың негізі басымдықтары және даму бағдары айқындалды. Бүгінде отандық машина жасаушылар өз өнімдерін сыртқы нарыққа да шығарып жатқаны қуантады. Экспорт көлемі қазірдің өзінде $2 млрд-қа жетті.
Бұл саланың әлеуетін толық пайдалану арқылы еліміздің экономикасын өркендетуге, технологиясын дамытуға және әлеуметтік өзгерістер жасауға жол ашылады деп сенемін. Баршаңызға толағай табыс тілеймін!», — делінген ҚР Президентінің құттықтау сөзінде.
Өз кезегінде Әлихан Смайылов отандық машина жасау саласының республика экономикасының тұрақты дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын айтып өтті. Мәселен, индустрияландыру жылдарында машина жасаудағы өндіріс көлемі 6 есеге өсіп, 2,3 трлн теңгеге дейін көтерілді. Саланың өсімі соңғы 3 жылда орта есеппен 20%-ды құрап отыр.
«Қазіргі таңда Үкімет отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған жұмыстарды жалғастыруда. Бұл – қолжетімді бастапқы материалдармен және қаржыландырумен қамтамасыз ету, сонымен бірге импортқа тәуелділікті азайту, жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын жаңғырту», — деді Әлихан Смайылов. Сонымен қатар ол Үкіметтің ашық диалогқа және бизнеспен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін айтты.
«Бізде бүгінде экспортқа қарағанда импорттың үлесі басым. Бұл жағдай керісінше болуы керек. Мәселені шешу үшін жүйелі және кешенді шаралар қабылдау қажет. Машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспары бағдарламалық құжатын әзірлеу және қабылдау туралы ойланатын кез келді. Себебі ұзақ мерзімді тәсілдер ғана осы бағытта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.
«Біздің еліміз тәжірибесі мол түрік компанияларымен машина жасау саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі», — деді Премьер-Министр.