23.09.2022 _ 08:21

Қазақстанда кәсіпкер әйелдердің саны артып келеді

Астанада Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков «ASMAR - бірлік дәстүрлері» әйелдер кәсіпкерлігінің халықаралық Конгресінде сөз сөйледі. Қатысушылар Қазақстандағы әйелдер бизнесін қолдау және тұрақты даму мәселелерін, іскерлік ортаны қалыптастырудағы жаңа тәсілдер мен трендтерді талқылады.
Қазақстанда кәсіпкер әйелдердің саны артып келеді

Вице-министр өз сөзінде мемлекет әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және қолдау үшін айтарлықтай күш-жігер жұмсап отырғанын атап өтті. Бұл шағын және орта бизнестегі әйелдер үлесінің артуымен расталады (2010 ж. – 26%, 2021 ж. – 43,3%).

«Экономикалық белсенділікті қолдау мақсатында Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған Ұлттық жоба шеңберінде қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары ұсынылады. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау халықаралық қаржы институттарының және «Даму» КДҚ» АҚ-ның түрлі бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады», - деп хабарлады ол.

2021 ж. сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралы бойынша кәсіпкер әйелдердің шамамен 10 мың жобасы қолдау тапты, кредиттерге кепілдік беру құралы бойынша 7 мың жоба қолдау тапты. Өткен жылы ақпараттық-қамтамасыз ету бойынша әйелдерге 84 мыңға жуық консультация, ал сервистік қолдау бойынша 17 мыңнан астам консультация көрсетілді.

Сондай-ақ, бүгінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың 17 орталығы жұмыс істейді. Мақсаты - әйелдердің экономикалық белсенділігін ынталандыру. Келесі жылы жаңадан құрылған өңірлерде орталықтар ашу жоспарлануда (Абай, Ұлытау, Жетісу).

«Бүгінгі күнге дейін орталықтарда 7 мыңнан астам әйелге қызмет көрсетілді. Олардың 30%-ы халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады», - деп мәлімдеді вице-министр.

ҚР ҰЭМ Еуропалық Қайта Құру және даму банкімен бірлесіп кәсіпорындарға техникалық көмек көрсету, сондай-ақ қаржылық қолдау арқылы әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың бәсекеге қабілеттілігі мен әлеуетін арттыруға бағытталған «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасын іске асыруда.

Сонымен қатар, еліміздің аймақтарында «Бір ауыл – бір өнім» пилоттық жобасы енгізілді.

«Біз кәсіпкер әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту тұтастай алғанда елдің инклюзивті, өмірге қабілетті және орнықты экономикасының мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететініне сенімдіміз», - деп түйіндеді Омарбеков.