23.09.2022 _ 11:20

Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарында білім алу үшін сараланған грант енгізу жоспарлары туралы айтты

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында сараланған гранттар моделін енгізуді тапсырды, яғни, 30-дан 100%-ға дейін. Бүгінде жұмыс тобы құрылды. Қазіргі грант беру жүйесімен үйлестіре отырып, әлемдік тәжірибе зерттелуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.


«Демографиялық толқынды алдын ала ескеріп, жоғары білімге қолжетімділік тетіктері пысықталады. Биыл студенттердің 60%-ы ақылы негізде оқиды. Осы санаттағы студенттерді қолдау үшін оларға жылдық 2-3% жеңілдікпен білім беру несиелерін алуға мүмкіндік беріледі. Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап әр балаға 18 жасқа толғанға дейін қаржы бөлуді тапсырды. Ақша арнайы есепшотта жинақталады. Оны келешекте білім алуға жұмсауына болады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, талапкерлер көп жағдайда жүрек қалауымен, өз қабілетіне сай мамандықты таңдамайды. 2019 жылдан бастап Президенттің тапсырмасымен жаңа мамандықтар атласы жобасы жүзеге асырылуда. Биылдан бастап өңірлік атластар жасалатын болады»», - деді Саясат Нұрбек.


Оның айтуынша, былтыр Павлодар облысында пилоттық жоба табысты жүзеге асырылды. Осы аптаның басында Маңғыстау облысында өңірлік атласты пысықтау жұмыстары басталды. Ақтөбе өңірі, ШҚО, Алматы, Астанада осындай жұмыстар басталады.