Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев елімізге жұмыс сапарымен келген Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және умра министрі Тауфик бен Фаузан әл-Рабиамен кездесіп, екі ел арасындағы туризмді дамыту мәселелерін талқылады.
Тараптар Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасында тікелей қатынайтын әуе рейстерінің жұмысы, туристік операторлардың тығыз байланысы, мәдени-танымдық нысандардың өзара ынтымақтастығы туралы сөз қозғады.
«Біз биыл саудиялықтарға елімізді насихаттау мақсатында екі мәрте роуд-шоу ұйымдастырдық. Қазіргі кезде Сауд Арабиясы Корольдігінің азаматтары Қазақстанға визасыз келіп, бір ай бойы демала алады. Өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда елімізге саяхаттап келген саудиялықтардың саны екі есе өскен. Қазақстанның табиғаты, жыл мезгілдері туристер үшін қолайлы. Сондықтан туризмді дамыту мақсатында бірігіп жобалар әзірлеуге дайынбыз», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Шетелдік меймандар жұмыс сапары аясында Алматы және Астана қалаларында болып, бірқатар кездесу өткізді.
«Біз саудиялықтардың Қазақстанға туристік сапарларын зерттеп жатырмыз. Саудиялық турситердің Қазақстанға көптеп келуі күтілуде. Соның бір дәлелі ретінде айта кетейін, кеше мен Шымбұлаққа көтерілген кезімде саудиялық туристерді байқадым. Негізі, саудиялықтар саяхатқа ең көп қаржы жұмсайтын туристер қатарында. Қазақстанда тарихи орындардың да көп екенін байқадық. Енді екі ел азаматтарының өзара саяхаттауын жеңілдететін жағдай жасайық, мен сіздерден үлкен қоллдау күтемін», – деді Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және умра министрі Тауфик бен Фаузан әл-Рабиа.
Министрлердің кездесуі ҚР Ұлттық музейде ұйымдастырылды. Меймандар ұлттық жәдігерлерімізбен, ел тарихымен танысып, Қазақстан табиғатын насихаттап, инвестициялық мүмкіндіктер туралы баяндайтын видеоларды тамашалады. Осы ретте делегация мүшелері Қазақстанда заманауи контент арқылы Мұхаммед пайғамбардың өмірінен сыр шертетін көрме ұйымдастыру бойынша өтініш білдірді. Оны Сауд Арабиясындағы Абдулазиз патшасының атындағы «Әлем мәдениеті орталығы» (Ithra) Алматы және Астана қалаларындағы музейлермен бірігіп ұйымдастыратын болады.