28.09.2022 _ 09:07

Астанада респираторлар шығаратын зауытты іске қосу жоспарлануда

Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов "MFA Maske" түрік компаниясының Басқарма Төрағасы Фатих Фуртунмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар FFP2 және FFP3 санатты респираторлар өндірісі бойынша жобаны іске асыру жайын талқылады.

Жаңа кәсіпорын "Астана – жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталып, жобаны ағымдағы жылдың қазан айында іске қосу жоспарлануда.

Фатих Фуртунның айтуынша, аталмыш жобаны екі кезеңде жүзеге асыру көзделіп отыр. Бірінші кезеңде FFP2 және FFP3 санатты респираторлардың өндірістік қуаты жылына 2,5 млн. бірлікті құрайды. Екінші кезеңде өндіріс көрсеткішін 10 млн-ға дейін жеткізу жоспарланған. Шығаратын өнімдердің қатарында газтұтқыштар мен сүзгілер, эвакуациялауға арналған өздігінен тотықтырылатын бетперделер бар. Жалпы өнімнің 50% - ын Ресей және Орталық Азия елдеріне экспорттау жоспарлануда.

Жобаны іске асыру 100-ге жуық тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов жобаның маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.