28.09.2022 _ 11:10

АШМ: Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін нақты шаралар әзірленіп, қабылданып жатыр

Мемлекет басшысы өз Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша бірқатар міндеттер қойды. Атап айтқанда, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың ұзақ мерзімді жаңа тәсілдемелерін әзірлеу; Жамбыл облысы ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаны кеңінен тарату; Кәсіпкерлерге жерді жедел әрі ашық бөлудің тиімді тәсілдемелерін тұжырымдау; 2023 жылдың соңына дейін пайдаланылмайтын немесе жер заңнамасын бұза отырып берілген жерлер бойынша шешімдер қабылдау. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтып берді.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін нақты шаралар әзірленіп, қабылданып жатыр. Мысалы, саланы субсидиялаудың жаңа ұзақ мерзімді тәсілдемелерін дайындау жұмысын Мемлекет басшысының бұрын берген тапсырмасы аясында жүргізіп жатырмыз. Жаңа қағидаларды әзірлеу аяқталып қалды. Қазіргі уақытта оны арнайы құрылған жұмыс тобы аясында талқылау жүргізілуде. Келесі жылдан бастап олар бойынша жұмыс істеу үшін оларды осы жылдың соңына дейін бекіту көзделген. Негізгі түйінді өзгерістер сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары субсидиялау бағыттары мен түрлеріне қатысты болады», - деді министр.