28.09.2022 _ 11:50

Ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаның ауқымын кеңейтуге 90 млрд теңге бағытталмақ

Жамбыл облысының мысалында ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаны кеңінен тарату шеңберінде бірқатар жұмыстар жүргізілді. Аталған іс-шара 2025 жылға дейінгі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобада көрініс тапты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.
иллюстративное фото с сайта inform.kz

«Ұлттық жоба шеңберінде бөлінген лимиттерге сәйкес 2023 жылдан бастап ауыл халқына микрокредит беруді іске асыруға жыл сайын 7,5 мың микрокредит беруді жоспарлап, 30 млрд теңге сомасында қаржыландыру көлемі көзделген. Осылайша, Ұлттық жобада ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаның ауқымын кеңейтуге 90 млрд теңгені бағыттау көзделген. Сонымен қатар облыстар әкімдіктерінің ақпаратына сәйкес Ұлттық жобада қаржыландырудың белгіленген көлемі жеткіліксіз. Осыған байланысты, министрлік әкімдіктер мәлімдеген қажеттілікке сәйкес қаржыландырудың толық көлемін бөлуге бюджеттік өтінім дайындады. Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен бұл көлем 2023 жылға толық, яғни, 30 млрд теңгеден 52,4 млрд теңгеге дейін көтерілген, 2024 және 2025 жылдарға ішінара қолдау тапты. Соңғы екі жыл бойынша 2023 жылы бюджетті қалыптастыру кезінде қажеттілікті орындау жоспарлануда. Сондай-ақ пилоттық жобаны масштабтаудың 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Бұдан басқа, биыл шілдеде ЕХӘҚМ басшысының бұйрығымен Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидалары бекітілді», - деді Қарашөкеев.

Пилоттық жобаның ауқымын кеңейтуді іске асыру жұмыссыздарға, жастарға, халықтың аз қамтылған топтарына және т.б. кредит беруге мүмкіндік береді, бұл ауыл халқын тұрақты қосымша табыспен қамтамасыз етуге, өзін-өзі жұмыспен қамтыған ауыл халқының кәсіпкерлік белсенділігін айтарлықтай ұлғайтуға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайтуға алып келеді және олардың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін болады.