29.09.2022 _ 12:09

Ресейден Қазақстанға өте алмай тұрған ел азаматтарына жасыл дәліз ашылады

Ресейден Қазақстанға қарай өте алмай тұрған еліміздің азаматтары үшін «жасыл дәліз» ашылады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы күндері ресейліктердің Қазақстанға қарай ағылуы салдарынан шекарада тұрып қалған еліміздің азаматтарына көмек көрсетілмек.

«Кеше ғана Ресей Федерациясындағы вице-прмьер әріптесіммен келіссөз жүргіздім. Өйткені шекараның арғы бетінен бері қарай өте алмай тұрған Қазақстан азаматтары да бар. Осы орайда азық-түлік тиелген көліктерге қатысты РФ жағымен уағдаластық жасалды. Бұл мәселе бойынша тиісті тәртіп енгізілмек, яғни бүгін екі елдің шекара қызметтері өзара келісіп, тиісті әрекеттер жасайды. Сондықтан біздің азаматтар мен азық-түлік тиелген көліктер үшін «жасыл дәлізді» қамтамасыз етуге тырысамыз», - деді С. Жұманғарин Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, Қазақстан азаматтарына арналған аталған дәліз бүгін немесе ертең ашылады.

«Ресей Үкіметі өздерінің шекарашыларына тиісті тапсырма берді. Біз де шекара қызметіне осы тәртіп жайында түсіндіреміз. Қазан айы басталғанға дейін бұл мәселе шешіледі», - деді министр.