07.10.2022 _ 08:44

Жарықтандыру жабдықтарының қазақстандық нарығы 80% импортпен қамтамасыз етілген

ҚР ИИДМ "Ашық сағат алаңы" диалог алаңында ZOOM арқылы жарықтандыру жабдықтары өндірісінің ағымдағы жай-күйі мәселелері бойынша кеңес өткізілді. Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспановтың басшылығымен өткен жиынға "Қазақстан машина жасаушылар одағы" ЗТБ және отандық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Жарықтандыру жабдықтарының қазақстандық нарығы 80% импортпен қамтамасыз етілген

Бүгінде елімізде жарықтандыру жабдықтарын шығаратын 63 кәсіпорын тіркелген. Осы өндіріс ошақтары ағымдағы жылдың 8 айында 800 мыңнан астам жабдық өндірді.

Электротехникалық және ауыр машина жасау басқармасының басшысы Азамат Ахметовтың айтуынша, Қазақстанның жарықтандыру жабдықтары нарығы 2021 жылы 81,6 млн. АҚШ долларын құрады, оның 79,9% - ы импорт есебінен қамтамасыз етілді.

"Алдағы 5 жыл ішінде орташа жылдық қарқынның өсуі күтілуде. Бұл COVID-19 - дан кейін экономиканың қалпына келуіне, елімізде жұмыс істеп тұрған және жаңа өндірістік қуаттарында жарықтандыру жабдықтарын пайдалану арқылы отандық нарықтың кеңеюіне байланысты", - деп атап өтті Азамат Ахметов.

Өз кезегінде Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов кәсіпорын өкілдерін шығарылатын өнім номенклатурасын ұлғайтуға, жаңғырту жұмыстарын жүргізуге және өндіріс көлемін ұлғайтуға шақырды.