Аймақ басшысының жұмыс сапары облыстық маңызы бар «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» тас жолын аралаудан басталды. Жол 2019 жылы орташа жөндеуден кейін пайдалануға берілгенімен, қазіргі уақытта кейбір учаскелерде көптеген ақаулары бар.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен мердігер компанияның басшылығы «Ақтөбе-Қандыағаш» тас жолын қайта жаңғыртуға байланысты бұл жол арқылы жүрушілердің көбеюінен деп ақталып отыр.
Олардың айтуынша, республикалық маңызы бар жолдың жүк көтергіштігіне есептелген жүк көліктерінің өтуі облыстық жолдың бұзылуына әкеліп соққан. Облыс әкімі ауыр жүк көліктерінің бұл жолмен өтіп, жолды бұзуына байланысты сұрақ қойды.
«Басқарма, көлік инспекциясы, аудан әкімдіктерінің бақылауы қайда? Бұл жолға қаншама қаржы құйылды... Оны халыққа қалай түсіндіресіз? Мұндай жолмен адамдар қалай жүруі керек?» — деді облыс әкімі.
Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен бұл факті бойынша тексеру жүргізіледі. Жол жөндеуді міндетіне алған мердігердің жұмысына және мемлекеттік мекемелердің қызметіне баға беріледі.
Сондай-ақ өңір басшысы «Ақтөбе-Атырау» автожолының көпірін қарап, Тасқопа ауылына кіре беріс 33 км жолдың орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Жолды 3 аумаққа бөліп, 3 жылда жөндеуді аяқтау жоспарлануда. Қазіргі уақытта жол ұзындығы бойынша тас төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Ералы Тоғжанов «Асылхан» шаруа қожалығында болып, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаев биылғы жылдың 8 айында 17,1 млрд.теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, өсім 3,8 пайызға көтерілгенін баяндады. Сондай-ақ ол «Ауыл аманаты» жобасы екі ауылдық округті, соның ішінде 1477 тұрғыны бар Ақсай ауылдық округін қамтитынын айтты. Экономикалық белсенді халықтың арасынан ауылдың 313 тұрғынының тұрақты табыс көзі жоқ.
«Бірінші кезекте жобамен жұмыссыздар қамтылуы тиіс. Оларға жеке қосалқы шаруашылығын табыс көзі ретінде пайдалануға көмектесу қажет», - деп өңір басшысы ауыл шаруашылығы өндірушілерін бағдарлама мен ауылдастарын белсенді қолдауға шақырды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, «Ауыл аманаты» шеңберінде жобаға қатысушылар 122 жобаны жүзеге асырады, 1,1 мыңнан астам адам қамтылған 276 аула жұмылдырылады.
Өңірде Мемлекет басшысының 2025 жылға халықтың 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау бойынша шаралар тиімді іске асырылуда.
Жұмыс сапары аясында өңір басшысы Темір ауданы Қалмаққырған ауылында сумен жабдықтау нысанын іске қосуға қатысты. Ералы Тоғжанов ауыл тұрғындарына арнаған сөзінде Президенттің халықты сапалы ауыз сумен жүз пайыз қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы мерзімінен бұрын орындалатынын атап өтті.
Қалмаққырған ауылында барлығы 7,9 км. су құбыры желілері мен тиісті инфрақұрылым құрылысына мемлекет 278,1 млн. теңге бөлді. Орталықтандырылған су жүйесіне 400-ден астам адам тұратын 70-ке жуық үйлер мен амбулаториялық пункт қосылды.
«Әлихан Ойл З» мердігер компаниясы нысан іске қосылған күні көпбалалы Сұлтановтар отбасына кір жуғыш машинаны сыйға тартты.
Айта кетейік, бүгінде Темір ауданы халқының 96,7% - ы орталықтандырылған сумен, 91,7% - ы газбен қамтамасыз етілген. Ауылдық елді мекендерді газбен және сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.
Өңір басшысы Шұбарқұдық ауылындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Облыс әкімі қысқа мерзімде 16 пәтерлі екі қабатты коммуналдық үйдің құрылысын қайта бастау жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Өткен жылы басталған нысан құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты тоқтап қалған. Алдын ала есептеулер бойынша қосымша 45 миллион теңге қажет. Құрылыстың аяқталуын кезекте тұрғандар асыға күтуде. Ауданда тұрғын үйге кезекте барлығы 550 адам тұр. Орталық аудандық ауруханада кадр бойынша мәселе көтерілді, нақтырақ айтқанда тар шеңберлі дәрігер мамандығынан алты маман жетіспейді.
«Мамандар үшін жағдай жасау керек. Мен бұл міндетті барлық аудандар бойынша қойдым. Бізде медициналық университет бар, бірақ өзімізді кадрлармен қамтамасыз ете алмай отырмыз, мұндай жағдай болмауы тиіс», - деді Е.Тоғжанов.
Сондай-ақ, өңір басшысы Темір, Ойыл және Байғанин аудандарының тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін 100 орындық ауданаралық аурухана салу жоспарымен танысты.